АСТАНА, 10 қаңтар – Sputnik. Ресейде қатты бидай экспортына салынған тыйым Қазақстанның ішкі нарығына әсер етпейді, деп хабарлады елдің ауыл шаруашылығы министрлігі РИА Новости агенттігінің сауалына берген жауапта.
Ведомство мәліметінше, Қазақстан жыл сайын 400 мың тонна қатты бидай өндіреді, оның 200-250 мың тоннасы экспортқа арналған.
Ресей Федерациясынан жыл сайынғы импорт небары 90 мың тонна шамасында. Министрлік мәліметінше, отандық бидай көлемі ішкі нарық пен экспорттық әлеуетті жабуға толықтай жеткілікті.
"Ресей Федерациясында қатты бидайды экспорттауға салынған тыйым Қазақстанның ішкі нарығына айтарлықтай әсер етпейді", - деп жауап берді ведомстводағылар.
Ресей Федерациясы өткен жылдың желтоқсан айында 2024 жылдың 31 мамырына дейін қатты бидайды эскпорттауға тыйым салды. Ресей министрлер кабинетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шешім ішкі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған және елде қатты бидайдан жасалған азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру үшін қажет.
Құжатта ЕАЭО құрамына кіретін кейбір елдерге үкімет шешімімен белгіленген квота бойынша бидайды эскпорттау мүмкіндігі қарастырылғанын атап өткен жөн.