Жетісулық кәсіпкер табысты бизнестің көзін тапты

Жас кәсіпкер қос бөлмені арнайы құрылғылармен жабдықтап, өндіріс орнына айналдырған
Sputnik
АСТАНА, 9 қаңтар – Sputnik. Жетісу облысының тұрғыны қант қызылшасынан бірнеше өнім шығаратын өндірісті ашты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан 24.kz порталына сілтеме жасап.
Олжас Найзабеков ерекше кәсіпті бастады. Ол қант қызылшасынан шәрбат, бал арасының азығы мен балапан жемін шығарып жатыр. Жобаны жүзеге асыруға аймақтағы қызылша алқабының ұлғаюы және өнімге деген сұраныстың көптігі себеп болған.
Жас кәсіпкер қос бөлмені арнайы құрылғылармен жабдықтап, өндіріс орнына айналдырған. Бір бөлмеде қант қызылшасы тазаланып туралса, екіншісінде он сағат бойы тоқтаусыз қайнатылады. Сол арқылы шәрбәт алынады. Негізгі өндірістен бөлек төрт түрлі өнім шығаруға мүмкіндік бар.
"Кондитерлерге арналған сироп шығарамыз. Екіншісі – квас, үшіншісі – табиғи сусын, төртіншісі – араларға арналған азық, сондай-ақ тауық балапандарына жем-шөп өндіріп отырмыз", - дейді кәсіпкер Найзабеков.
Бір тонна қант қызылшасын 270 келі шәрбат шығады. Кәсіпкер оны арнайы сараптамаға өткізді. Соның нәтижесінде сапасын растайтын сертификат және басқа да құжаттар беріледі.
Кондитерлер қажетті құжаттардың берілгенін асыға күтіп отыр. Олар күнделікті өнімді толығымен сатып алуға дайын.