АСТАНА, 9 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда онлайн платформалар қызметкерлері үшін, атап айтқанда такси агрегаторлары үшін арнайы салық режимін енгізу жоспарлануда, деп хабарлады қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Оның айтуынша, такси жүргізушілері заң аясында жұмыс істегісі келсе, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек.
"Қазір такси жүргізушілері үшін арнайы салық режимі бар. Заңға сәйкес, олар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мобильді қосымша арқылы 1% салық төлей алады. Талап бойынша олар міндетті түрде салық органдарына келіп, тіркелуі керек немесе мобильді қосымша арқылы онлайн (жеке кәсіпкер болып) тіркеле алады. Оларға жағдай жасалған", - деді вице-министр.
Біржанов жаңа талап шеңберінде операторлар салық төлеуші ретінде қарастырылып жатқанын айтты.
"Мысалы, такси жүргізушісі оператор арқылы жұмыс істесе, салықты оператор ұстап, бюджетке аударса, біз оны (салық төлеу) міндетінен босатуды қарастырып жатырмыз. Бұл болашақ кодекстің нормасы болады деп ойлаймыз. Мәселені бизнеспен талқылап жатырмыз. Қазір қолайлы жағдай бар. Мобильді қосымша, патент арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 1% салық төлеуге болады", – деді қаржы министрінің орынбасары.
Бұған дейін такси жүргізушілері ресми түрде тіркеуге тұра алатыны хабарланған болатын.