"1WIN" онлайн казино ұйымдастырушыларына іздеу жарияланды

Сондай-ақ "Mercedes-Maybach S500" және "Lamborghini Huracan" автокөліктері тәркіленді
Sputnik
АЛМАТЫ, 9 қаңтар - Sputnik. Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті Қазақстан, ТМД және алыс шет ел аумағында жұмыс істеген "1WIN" онлайн казиносының заңсыз қызметіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.
Ақшалай қаражат интернет-эквайринг арқылы аутентификациясыз қабылданған, бұл тіпті кәмелетке толмағандарға да құмар ойынын ойнауға мүмкіндік берген.

"2023 жылдың өзінде-ақ онлайн казино айналымы шамамен 4 млрд теңге болған. Онлайн-казино сайты бұғатталды, төрт ұйымдастырушыға халықаралық іздеу жарияланды. Тәркіленуге жататын мүлікке және жалпы сомасы 1,5 млрд теңге ақшалай қаражат бұғатталды. Сондай-ақ "Mercedes-Maybach S500" және "Lamborghini Huracan" автокөліктері тәркіленді", - дейді ведомство.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес елде онлайн казино қызметіне тыйым салынған, ал букмекерлік қызметтер тиісті лицензия болған жағдайда ғана көрсетіледі.
Экономикалық құқық бұзушылық фактілері болған жағдайда агенттіктің "АФМ Insider" телеграм-ботына хабарлауға болады.