АСТАНА, 8 қаңтар – Sputnik. 1 қаңтардан бастап азаматтар жеңіл жол апаты кезінде полиция мен соттың қатысуынсыз жеңілдетілген тәртіпте сақтандыруды ресімдей алады. Бұл үшін мемлекет "Еурохаттама" арнайы мобильді қосымшасын әзірледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қосымшаның көмегімен жүргізушілер өздері жол апаты фактісін тіркеп, сақтандыру компанияларына материалдық залалды өтеуге өтінім береді.
"Еурохаттама" арқылы жол апатын ресімдеудің міндетті үш шарты бар:
жол апатына екі көлік құралы ғана ұшыраған кезде;
жүргізушілердің қолданыстағы сақтандыруы болуы қажет. Сондай-ақ кім кінәлі, ал кім зардап шегуші екенінде келіспеушіліктер болмаған кезде;
апат салдарынан денсаулыққа залал келтірілмесе, ал көлікке келтірілген шығын сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ол 369 мың теңге.
"Ол үшін "Еурохаттама" қосымшасын қосып алып, тіркелу рәсімін жүргізіп, оқиғаның фото және бейнематериалдарын салу керек. Қосымшаны тиімді пайдалану мақсатында жақын жердегі полиция нарядына жүгінуге болады, олар көмек көрсетеді, – деді ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуаныш Тілекбаев.
"Еурохаттаманың" артықшылығы:
азаматтар ұсақ жол апатын ресімдеу үшін полицияны күтпейді, осылайша жолдардағы кептеліс төмендейді.
жеңілдетілген тәртіппен тіркелген жол апаты кезінде жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
сақтандыру төлемдерінің мерзімі қысқарады. Егер бұрын осының бәрі 30-дан 90 күнге дейін уақытты алса, қазір хаттама тіркеу сәтінен бастап төлемді алуға шамамен бес күн кетеді.