АСТАНА, 8 қаңтар – Sputnik. Астана қаласының қадағалау органы 10 көппәтерлі тұрғын үй кешені бойынша құрылыс салушыларға қатысты 7 қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды қалалық прокуратураның баспасөз қызметі.
Прокуратураның мәліметінше, қылмыстық істердің тергеу барысы бақылауда.
"Тергеу органы іске қатысы бар барлық адамды және олардың мүлкін анықтауға бағытталған. 7 адамға, соның ішінде құрылыс компанияларының 3 басшысына қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды", - делінген прокуратура хабарламасында.
Ведомство мәлім еткендей, Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарының көмегімен іс бойынша негізгі фигуранттардың бірі Мәскеу қаласының аумағында ұсталды.
Ол 5 млрд теңгеден асатын залал келтірді деген күдікке ілінді.
"Бүгінгі таңда Ресей Федерациясының бас прокуратурасы азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенция негізінде күдіктіні ұстап беру туралы өтінішті қанағаттандырды", - деп атап өтті прокуратура.