Қоғам

Ауылда арендалық үй салған жұмыс берушілер 5 млн теңгеге дейін субсидия алады

Тиісті ережелер 15 қаңтардан бастап күшіне енеді
Sputnik
АСТАНА, 6 қаңтар – Sputnik. Ауылдық жерде жалға берілетін тұрғын үй салған жұмыс берушілерге мемлекет қолдау көрсетеді, деп хабарлайды өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлік президенттің ауылдық жерлерде өз жұмыскерлері үшін тұрғын үй салатын жұмыс берушілердің шығыстарын өтеуге қатысты тапсырмасын орындау мақсатында субсидиялаудың тиісті қағидаларын әзірлеп, бекітті.
"Бекітілген Ережелерге сәйкес ауылда, кентте немесе ауылдық округте жалға берілетін тұрғын үй салған жұмыс берушілер 5 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде мемлекеттік субсидия ала алады. Бұл 75-тен 100 шаршы метрге дейінгі тұрғын үй құрылысының шығындарын жабады", - делінген хабарламада.
Субсидия алу үшін жұмыс берушілер қызметкермен 5 жылға еңбек шартын жасасуы, сондай-ақ пайдалануға берілген тұрғын үйге ауыртпалықтардың болмауын қамтамасыз етуі қажет.
Бұл ретте жұмыс берушілер тұрғын үй салуды жоспарлайтын ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің тізімдерін жергілікті атқарушы органдар айқындайды және бекітеді.
Ережелер 2024 жылғы 15 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Қосымша ақпаратты өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми сайтынан алуға болады.
Қоғам
Жұмыс берушілер өз есебінен қызметкерлері үшін зейнетақы жарнасын аудара бастады