Таразда автобус жол жиегіндегі көліктерді жапырып кетті

Sputnik
АСТАНА, 5 қаңтар – Sputnik. Таразда автобус жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, жол жиегіндегі көліктерді жапырып кетті. Жүргізушінің көзі ұйқыға ілініп кеткен екен.
Қоғамдық көліктің бейнекамерасына жазылған видеода жүргізушінің қарсы бетке шығып бара жатқан автобусты тоқтатуға еш әрекет жасамағаны байқалады. Жол апатынан автотұрақтағы 10 жеңіл көлікке зақым келді. Адам шығыны жоқ. Автобуста 10 жолаушы болған. Жарақат алған 56 жастағы әйел ауруханаға жеткізілді.
Дәрігерлер бірнеше қабырғасы сынған жолаушының жағдайы орташа ауыр екенін айтады. 33 жастағы жүргізушіге қатысты тергеу басталды.
Автобус жүргізушісіне ҚР ҚК 345-бабымен қылмыстық іс қозғалып, Тараз қаласы басқармасында тергеу жүргізіліп жатыр.