АСТАНА, 5 қаңтар – Sputnik. "Жайықмұнай" ЖШС салық заңнамасының талаптарын бұзып, 38 млрд теңгеден астам қаражатты бюджеттен өтелетін шығындарға негізсіз жатқызған. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы хабарлады.
Облыс прокуратурасының қадағалау актісі бойынша көрсетілген сома мемлекет өтейтін шығындардан алынып тасталды.
Сондай-ақ, салықтарға қосымша есептеу жүргізіліп, мемлекет кірісіне 9,5 млрд теңге өндірілді.
"Салық сомасын төмендеткені үшін компания айыппұл түрінде әкімшілік жауапқа тартылып, 2 млрд теңге төледі", - делінген хабарламада.
Осылайша БҚО прокурорлары мемлекеттік бюджетті 11 млрд теңгеге толықтырды, сондай-ақ "Жайықмұнай" ЖШС-ға 38 млрд теңгеден астам шығынды бюджеттен негізсіз өтеуге жол бермеді.
Бұдан басқа, "Жайықмұнай" ЖШС-де трансферттік баға белгілеу мәселесі бойынша жүргізілген тексеріс нәтижесі бойынша салық салу объектілеріне түзету жүргізілді. Корпоративтік табыс салығының жалпы сомасы 725 млн теңгені құрады, қазіргі уақытта ол өтеу сатысында.