Оқиға

Оралда дәмханада жарылыс болып, ғимарат опырылды: зардап шеккендер бар

Оқиға орнына облыс әкімі барды
Sputnik
АСТАНА, 4 қаңтар – Sputnik. Орал қаласында газ-ауа қоспасы жарылып, екі қабатты дәмхана қирады. Зардап шеккендер бар.
БҚО ТЖД ақпаратынша, 4 қаңтарға қараған түні сағат 02:07-де Сырым Датов көшесіндегі Rizyq дәмханасынан өрт шыққаны туралы хабар түскен.
"Алдын ала болжам бойынша екі қабатты дәмханада газ-ауа қоспасы жарылып, салдарынан ғимараттың 110 шаршы метр аумағы қирап, 25 шаршы метр аумақ отқа оранған. Өрт сөндірушілердің күшімен өрт сағат 02:40-та сөндірілді", - деп хабарлады ТЖД.
Қазіргі уақытта ТЖ департаменті және облыс әкімдігінің күштерімен қираған үйінділерді тазарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Оқиға орнына облыс әкімі Нариман Төреғалиев арнайы барған.
"Аталған оқиға бойынша зардап шеккендер бар. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар мен ТЖ қызметкерлері оқиға орнында жұмыс істеп жатыр, істің мән-жайы анықталады", - деп мәлімдеді әкімдіктегілер.
Зардап шеккендерге шұғыл психологиялық көмек көрсету үшін БҚО ТЖД штабында 8 (7112) 55-40-88 нөмірі бойынша қауырт желі ұйымдастырылды.