Оқушылар каникулының соңғы күндері қосымша пойыздар іске қосылды

Төрт пойыз және жетпістен астам қосымша вагон қазақстандықтардың үйіне дер кезінде оралуына көмектеседі
Sputnik
АСТАНА, 4 қаңтар – Sputnik. Қысқы каникулдың соңғы күндерінде "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның үш филиалы пойыздарға 76 қосымша вагонды тіркейді, деп хабарлады компания.
"Жолаушыларды уақытылы жеткізу мақсатында ұлттық тасымалдаушы 2024 жылдың 5 және 8 қаңтарында 76 қосымша тіркеме вагонды жолға шығарады", - деп жазылған хабарламада.
"Солтүстік" филиалы 56 вагон, "Оңтүстік" филиалы 13 вагон, "Батыс" филиалы 7 вагонды қосады.
Сондай-ақ осы жылдың 5 және 7 қаңтарында екі қосымша пойыз жолға шығады:
5 және 7 қаңтарда Бурабай курортына №6811 "Нұр-Сұлтан 1-Бурабай курорты" электр пойызы сағат 10:10-да аттанады, сағат 13:20-да жетеді
Бурабайдан №6812 "Бурабай курорты – Нұр-Сұлтан 1" пойызы сағат 14:48-де жолға шығып, Астанаға сағат 17:54-те келеді
5 қаңтарда Павлодарға Астанадан №7510 "Нұр-Сұлтан 1 –Павлодар" электр пойызы сағат 16:45-те шығып, сағат 23:20-да жетеді.
7 қаңтарда Павлодардан №7509 "Павлодар – Нұр-Сұлтан 1" электр пойызы сағат 11:57-де жөнелтіліп, Астанаға сағат 18:49-де келеді.
Билеттерді bilet.railways.kz сайтынан және билет кассаларында сатып алуға болады.
"Вокзалдар мен пойыздарда жолаушылар ағынының күрт ұлғаюын ескере отырып, "Жолаушылар тасымалы" АҚ азаматтарға ауа райы жағдайларын ескере отырып, өз сапарын жоспарлауды ұсынады", - деп атап өтті компания.
Сонымен қатар жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларға түсіністікпен қарауды сұрады.