АСТАНА, 4 қаңтар – Sputnik. Астанада лифттің ішін қиратқан вандар әйел ұсталды, деп хабарлайды қалалық полиция департаменті.
Жаңа жылдан кейін әлеуметтік желіде тұрғын үйлердің бірінде түсірілген видео тарады. Бейтаныс әйел лифтіге кіріп, оның қабырғаларын тепкілей бастаған. Онымен қоймай, кабинаны жұдырығымен ұрып, тырнап, қабырғасына түкірген.
Ресми мәліметке сәйкес, бұл оқиға Жирентаев көшесіндегі көпқабатты үйде болған. Полицейлер вандал әйелдің кім екенін анықтады. Ол 33 жастағы қала тұрғын болып шықты. Әйелуақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы, 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) және 434-2-бабының 1-бөлігі (ортақ пайдаланатын орындарды ластау) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Ұсақ бұзақылық үшін 20 айлық есептiк көрсеткiш (73 840 теңге) мөлшерiнде айыппұл не бестен он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу жазасы қарастырылған. Ал ортақ орындарды ластағаны үшін 5 АЕК (18 460 теңге) көлемінде айыппұл төлеу керек.
Айта кетері, қалада "Тоқта, вандал" акциясы жалғасып жатыр. Акция аясында қалада күндізгі және түнгі рейдтер өткізіледі, халық арасында қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.