Ұлттық құрылтайдың өтетін уақыты жарияланды

Sputnik
АСТАНА, 3 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайдың өтетін уақытын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайға дейін үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізеді. Онда еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылып, алдағы жұмыстың амал-тәсілдері айқындалады.
"Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды. Бұған дейін жаздыгүні шақырылып келе жатқан Құрылтайдың отырысын биыл сәл ертерек, көктемде өткізетін шығармыз", - деді Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында.
Осылайша, биыл экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстың негізгі бағыт-бағдары бірінші тоқсанда айқындалады.