АСТАНА, 3 қаңтар – Sputnik. Иранның Керман қаласында генерал Касем Сүлейманидің қабірі жанындағы аза тұту рәсімі кезінде 103адам қаза тапты, кем дегенде 143 адам жараланған, деп хабарлады Press TV агенттігі.
Жедел жәрдем көліктері жарақат алғандарды ауруханаларға жеткізіп жатыр, кейбірінің жағдайы ауыр, медициналық қызметтер қаза тапқандар саны артуы мүмкін екенін айтты.
10 минут аралықта екі жарылыс болды, оның біріншісі Сүлеймани қабірінен 700 метр жерде, екіншісі одан бір шақырым жерде болды.
Иранның Қызыл жарты ай қоғамының үш қызметкері жарылыстан зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде қаза тапты.
Билік бұл оқиғаны теракт деп атады.
Кейбір адамдар алғашқы жарылыстан кейінгі кептелу кезінде зардап шекті. Шенеуніктердің хабарлауынша, жараланғандардың барлығы ауруханаларға жеткізілді, жағдай бақылауда.
Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусы "Құдс" күштерінің қолбасшысы генерал Сүлеймани мен Ирактың халықтық жұмылдыру бөлімшелері қолбасшысының орынбасары Әбу Махди әл-Мухандис және олардың жолдастары 2020 жылдың 3 қаңтарында Бағдад халықаралық әуежайының жанында АҚШ ұшқышсыз ұшағының соққысынан қаза тапты.
Бұған жауап ретінде Иран Ирактағы америкалық базаларға, соның ішінде Айн әл-Асадқа соққы берді.