Ғалым 5-6 жыл өнім беретін бидай тұқымын нарыққа шығаруды жоспарлап отыр

Sputnik
АСТАНА, 3 қаңтар – Sputnik. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Меруерт Құрманбаева 5-6 жыл қатарынан өнім беретін көпжылдық бидай тұқымын нарыққа шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлады 24.kz.
Кәдімгі бидай мен бидайық шөбін будандастыру арқылы алынған астықтың түрін АҚШ ғалымдары ойлап тапқан еді. Профессор Құрманбаева осы ғылыми жаңалықты одан әрі зерттеп, Қазақстанның табиғатына бейімделген көпжылдық бидайдың жаңа сортын алуда.
Биология және биотехнология факультетінің деканы Меруерт Құрманбаева жетекшілік ететін зерттеулер 2020 жылы басталған. Жобаға жас ғалымдар да мүше. Олардың айтуынша, біржылдық бидай мол өнім бергенімен, топырақтың бүлінуіне әкеледі. Топырақтың құнарлығын сақтау ел үшін өзекті мәселенің бірі. Сондықтан жоба министрлік тарапынан қолдау тапқан.
Ыстық пен суыққа төзімді көпжылдық бидай диқанның да ақшасын үнемдейді.
"Біріншіден – экологиялық жағынан тиімді. Топырақтың деградацияға ұшырауына, эрозиясынан қорғайды. Екіншіден – экономикалық тұрғыдан тиімді. Жылда егіндік науқанға кететін шығынды азайтады. Яғни бір жыл егіп, бірнеше жыл өнім аламыз", - дейді Меруерт Құрманбаева.
Көпжылдық бидайдың сабаны да құнарлы екен. Оны малға азық ретінде беруге болады.
Тамыры тереңге жайылатындықтан құрғақшылыққа төзімді келеді. Бидайықпен будандастырылған тұқым топырақтың құнарлығын сақтап қана қоймай, ондағы микроағзалардың саны мен белсенділігін арттырады екен.
"Бидай өспеген топырақта микроорганизмдер саны 38 мың болса, бидай өскен топырақтағы микроорганизмдер саны 168 мың болды. Бұл – үш есе жоғары көрсеткіш. Жалпы топырақ құрамында микроорганизмдердің болуы ол топырақтың құнарлылығын, сапасы жоғарылығын дәлелдей алады", - дейді әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ биология және биотехнология факультетінің доктаранты Дина Қарабалаева.
Көпжылдық бидайдың құрамында протеин, амин қышқылдары да жоғары, ал глютен болмайды екен. Яғни, диеталық тағам жасауға ыңғайлы. Биология ғылымдарының докторы Меруерт Құрманбаева биыл осы жобасы үшін мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері атанды. Көктемде жаңа сұрыпты 10 гектар жерге себуді жоспарлап отыр. Қазір коммерцияландыру жұмыстары жүріп жатыр.