АЛМАТЫ, 3 қаңтар - Sputnik. Ақтөбе қаласында жаппай төбелес салдарынан кәмелетке толмаған екі жасөспірім қайтыс болды, деп хабарлайды облыстық прокуратура.
Оқиға 3 қаңтарға қараған түні сағат 00:10 шамасында болған.
"Қызылжар ауылында орналасқан "Алмаз" дүкенінің жанында жаппай төбелес болған. Оқиға орнына полиция басқармасының жедел-тергеу тобы мен облыс прокуратурасының басшылығы барды. Алдын ала деректерге сәйкес екі жасөспірім арасында жанжал әлеуметтік желіде туындаған. Жасөспірімнің бірі келесі күні "Алмаз" дүкенінің жанында кездесуді ұсынған", - дейді ведомство.
Кездесу соңы жаппай төбелеске айналып, екеуі пышақ жарақатын алған. Салдарынан екі жасөспірім есін жимай қайтыс болды.
Қазіргі күні қылмыстық оқиғаға қатысты ҚК-тің 99-бабының 2-бөлігінің ҚК-тің 1, 9, 14-тармақтарымен тергеу басталды. Оқиғаны облыстық прокуратруа тікелей бақылауға алды.