АСТАНА, 2 қаңтар – Sputnik. Атырау қаласында орталыққа жақын маңда Жайық жағалауында қыз бала мұз ойылып, суға түсіп кеткен, деп хабарлайды Polisia.kz.
Хабарлама түскен сәтте патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ғапу Жанарыс, Арсен Мұратов, Құрманғазы Мерей және әкімшілік полиция бөлімі инспекторы Арманбек Ғабитов дереу оқиға орнына жеткен.
Мұз ойығынан басы ғана көрінген адамның әйел адам екенін дауысынан ғана айырған полицейлер бірден құтқаруға кіріскен.
Жанарыс Ғапу беліне арқан жіп байлап мұз үстімен жасөспірімге қарай беттесе, әріптесі Мерей Құрманғазы оған көмектесу үшін жіп бойымен бірге жүрген. Өзге полицейлер жағада Жанарыс Ғапуды суға батып бара жатқан қыз баламен бірге тартып шығаруға дайын тұрған.
Атыраулық полицейлер мұз ойығынан суға түсіп кеткен жасөспірімді құтқарды.
Тосыннан адам өміріне араша түскен полицейлердің қырағылығы мен ептілігі нәтижесінде жасөспірім жағаға шығарылып, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Осылайша атыраулық полицейлер мұз ойығынан суға түсіп кеткен жасөспірімді құтқарды.
Қатты суықтан денесі қалшылдаған жасөспірім мән-жайды түсіндіре алмады.
Жедел-тергеу тобы тиісті шараларды бастап кетті.