АСТАНА, 2 қаңтар – Sputnik. Маңғыстаулық экологтар Қаракөлде аққулардың жаппай қырылғанын мойындады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан жергілікті Lada.kz порталына сілтеме жасап.
Бұған дейін "Қарақия-Қаракөл" мемлекеттік табиғи қорығының инспекторлары көл жағасынан 30 аққудың өлігін тапқанын мәлімдеген. Сараптаманың нәтижесіне сәйкес, барлығынан құс тұмауы табылған.
Ал жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаев әлеуметтік желіде пост жариялап, экологтардың жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, өлген аққулардың саны әлдеқайда көп. Экологтар болса, 30 құс туралы ғана айтқан.
"Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мамандары 30 аққудың өлексесін таптық деп есеп берді. Қазіргі кезде Қаракөлде үлкен трагедия болып жатыр. Ал оның ауқымын сонша азайтып көрсетудің себебін түсінбей отырмын", - дейді блогер.
Оның сөзіне қарағанда, экология министрлігі де ешқандай шара қолға алмай отыр.
Экологтар жаңа жылдан кейін өлген аққулардың статитискасын жаңартты. Оған сәйкес, осы уақытқа дейін 227 аққудың өлексесі табылды.
132 құстың өлексесі жойылды. 3 қаңтарда тағы 95-сі жойылады деген жоспар бар. Департамент мамандары статистиканы жаңартып отыратынын хабарлады.