АСТАНА, 1 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда шағын кәсіпкерлік, соның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін барып тексеруге мораторий аяқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Елімізде бизнесті тексеруге мораторий 2020 жылғы 1 қаңтарда жарияланған болатын. Сол сәттен бастап орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруді және профилактикалық бақылауды барып жүргізуді тоқтатты. Бірақ Кәсіпкерлік кодекске сәйкес жүргізілетін жоспардан тыс тексерістер қалды.
Бастапқыда мораторий 2023 жылғы қаңтарда аяқталады деп жоспарланған. Алайда былтыр президент оның мерзімін тағы бір жылға ұзартты.
Осылайша шағын бизнесті тексеруге мораторий 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап аяқталды.
Енді бизнесті тексеруге адам қатыспайды
Биылдан бастап бизнесті тексеруге адам қатыспайды. Өйткені елімізде тәуекелдерді басқару жүйесі автоматтандырылады. Нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру 2 есе және айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды деп күтілуде.