Әлем

Түркиядағы зілзала, Израиль-Хамас қақтығысы: 2023 жылы әлем назарын аударған оқиғалар

Биыл әлемді дүрліктірген оқиғалар аз болған жоқ. Ұшақ апаттары, жер сілкінісі, әскери қақтығыстар тағы біраз адамның өмірін қиды. Азаматтық соғыстар да өрши түсті. Sputnik Қазақстан 2023 жылы әлемнің назарында болған оқиғаларды еске алды.
Sputnik

Непалдағы ұшақ апаты

15 қаңтарда Непалда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады Непал астанасы Катмандудан Покхару әуежайына ұшып келген Yeti Airlines компаниясының ұшағы қонар кезде өртенген. Ұшақ екіге бөлініп, жартысы тау баурайына, қалған жартысы өзен шатқалына құлады. Ұшақ бортында болған бір жолаушы апатты видеоға түсіріп алған. Құтқарушылар тірі қалған екі адамды тапты. Бірақ олар жергілікті ауруханада көз жұмды. Барлығы 72 адам қайтыс болды. Бұл – ATR 72 тарихындағы ең ірі апат.
Жолаушылардың арасында Непал, Үндістан, Ұлыбритания, Франция мен Аргентина азаматтары бар. Ресейдің төрт азаматы қайтыс болды. Олардың біреуі соңғы уақытта Қазақстанда тұрған. 33 жастағы Елена Бондуро бірнеше ай бұрын Қазақстанға көшіп келген. Елена трэвел-блогер, SMM-маманы болып жұмыс істеген. Сондай-ақ қызмет бабымен шетелге жиі шығып тұрған.
Сол күні Елена Непалда жүрген күйеуі Максимге бара жатқан. Ол апатқа дейін туыстарына аяғы ауыр екенін, қыз туатынын айтыпты.

Мешіттегі жарылыс

Қаңтардың соңында Пәкістанның Пешавар қаласындағы жарылыс халықты дүрліктірді. Жергілікті мешітте жанкешті өзін-өзі жарып жіберді. Лаңкестік әрекеттен 84 адам қаза тапты. Бұдан бөлек 200 адам жарақат алды.
Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметке сәйкес, жанкешті намаз кезінде алдыңғы қатарда отырып, жарылғыш затты қосып жіберген. Жарылыстың қатты болғаны сонша, мешіттің бір қабырғасы опырылып, адамдарды басып тастаған.

Түркиядағы зілзала

6 ақпан Түркия тарихында мәңгі сақталады. Елдің оңтүстік-шығысында жер сілкінісі болды. Алдымен Газиантеп жақта 7,8 балдық дүмпу, одан кейін Кахраманмараш провинциясында жер сілкінді (7,56 балл). Табиғи апат кезінде 50 мыңнан астам адам қаза тапты. Сапасыз салынған жүздеген үй қирады. Осыдан кейін құрылыс компанияларының басшылары ұсталды.
Түркияның Газиантеп провинциясындағы Нурдагы қаласын толығымен бұзып тастауға шешім қабылданды.
Жер сілкінісі көрші Сирияға да тарады. Ол жақта 8 мыңнан астам адам қаза тапты. Үш айдан кейін үйінділердің астынан аман қалған ер адам шығарылды.
Ал Мароккодағы жер сілкінісі кезінде 2 мыңнан астам адам қаза тапты. Қарашаның басында Непалда жер сілкінді. Сол кезде 128 адам қайтыс болды.

Италияда мигранттар мінген кеме батып кетті

Ақпанның соңында Италияның оңтүстігінде мигранттар мінген қайық суға батып кетті. Бортта 200-ге жуық адам болған, кем дегенде 94 мигрант қаза тапты. Олардың ішінде 33 бала бар. Барлығы Түркияның Измир қаласынан шыққан. Ал Кротоне коммунасына жақындағанда қайық жартасқа соғылып, суға батып кеткен.
Ресми мәліметке сәйкес, 2014 жыдан бері Орталық Жерорта теңізі бағытымен заңсыз миграция кезінде 20 000-нан астам адам қаза тапты және хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Соған қарамастан, осы жолмен Италияға баратын мигранттардың саны азаятын емес.

Пандемия аяқталды

5 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 пандемиясының аяқталғанын мәлімдеді.
"Бір жылдан астам уақыт бойы пандемия төмендеу үрдісін сақтап келген: халықтың инфекцияларға қарсы иммунитеті артып, өлім-жітім азайып, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеме азайып келеді. Бұл көптеген елге коронавирус инфекциясы басталғанға дейінгі өмірге қайта оралуға мүмкіндік берді", - деді ұйым басшысы Тедрос Гебрейесус.
Жапония коронавирус қаупін маусымдық тұмау деңгейіне дейін төмендетті.
Коронавирус пандемиясы аяқталды - ДДСҰ

Титаникке барған "Титан" жарылды

Маусым айында 1912 жылы солтүстік Атлантикада батып кеткен "Титаникті" көруге түскен "Титан" туристік аппаратымен байланыс үзілді. Оны іздеу жұмыстары еш нәтиже берген жоқ. Бірнеше күннен кейін АҚШ-тың жағалау қызметі батискафтың апатқа ұшырағанын мәлімдеді.
OceanGate Expeditions компаниясының аппаратында бес адам болған. Олар – команияның негізін салушы Стоктон Раш, терең суда зерттеу жұмыстарының ардагері, француз маманы Поль-Анри Наржеоле, британ миллиардері және ғарыш турисі Хамиш Хардинг, пәкістандық бизнесмен Шахзада Давуд және оның ұлы – Сүлейман. Барлығы қаза тапты.
Батискафтың қалдықтары "Титаниктен" 200 метр шалғай жерден табылған. "Титан" ішке қарай жарылған.

"Вагнер" бүлік шығарды

Жазда Ресейдегі "Вагнер" жеке меншік әскери компаниясының қорғаныс министрлігіне қарсы шыққаны туралы ақпарат әлемді шарлап кетті. Евгений Пригожин ресейлік әскерилер тылдан соққы жасады деп, өз қарамағындағы бөлімшелерді кері қарай бұрды. Сөйтіп, "әділдік шеруіне" шықты. Олар Дондағы Ростовты бақылауға алып, бір күннің ішінде Воронеж бен Липецк облыстарынан өтті. Мәскеуде терроризмге қарсы операция режимі енгізілді. "Вагнер" Ресей армиясының бір ұшағы мен алты тікұшағын атып түсірді. Бұдан бөлек, 15 әскери қызметші қайтыс болды.
Беларусь президенті Александр Лукашенко Путинмен келісе отырып, Пригожинмен келіссөз жүргізді. Осыдан кейін "Вагнер" басшысы колонналарды артқа бұрып, жоспар бойынша даладағы лагерьлерге қайтатынын мәлім етті. Ал 23 тамызда Евгений Пригожиннің жеке ұшағы апатқа ұшырады.

Әзербайжан Таулы Қарабақты қайтарды

Әзербайжан 19 қыркүйекте Таулы Қарабақта конституциялық жүйені қалпына келтіру мақсатында әскери операцияны бастады. Негізгі мақсат – армян құрамаларын қарусыздандыру және ауыр техниканы шығару болды. Бір күндік әскери қақтығыстың нәтижесінде мойындалмаған республиканың басшылығы өз әскери күштерін ғана емес, барлық республиканы таратуға шешім шығарды, тиісті жарлыққа да қол қойды.
"Ведомстволық бағыныстағы барлық мемлекеттік мекеме мен ұйым 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін таратылсын және Таулы Қарабақ (Арцах) Республикасы өмір сүруін тоқтатады", - делінген жарлықта.
Содан мыңдаған армян Таулы Қарабақтан көше бастады. Ол жерде 120 мыңға жуық армян өмір сүрді.
25 қыркүйекте Таулы Қарабақтағы жанар-жағармай қоймасында жарылыс болды. Сол кезде 200-ден астам адам қаза тапты.
Таулы Қарабақ Республикасы 2024 жылдан бастап таратылады

Израиль-Хамас қақтығысы

7 қазанда ХАМАС Израильге зымырандармен шабуыл жасады. Ал сарбазбар оңтүстік аудандарға баса көктеп кірді, әскерилерге және бейбіт адамдарға оқ атты. Жүздеген адамды кепілге алды. Жергілікті биліктің мәліметіне сәйкес, шамамен 1,2 мың адам қаза тапты. Олардың ішінде 300-ден астам әскери қызметші бар. 5 мың адам жарақат алды. Израиль Газа секторын да зымыранмен атқылады. Одан кейін шекараға жақын аудандарды бақылауға алды. Газа секторына су, азық-түлік, электр энергиясын, дәрі-дәрмек пен отын жеткізу тоқтатылды.
Соңғы мәліметке сәйкес, Газа секторында қаза тапқан адамдардың саны 16 мыңнан асты. 35 мыңнан астамы жарақат алды. Құрбандардың жартысынан көбі – әйелдер мен балалар. БҰҰ дабыл қағып отыр. Газа секторында екі миллионнан астам адамның жағдайы өте қиын, азық-түлік тапшы, су жоқ.
17 қазанда Газадағы ауруханаға жасалған соққы кезінде 200-ден астам адам қаза болды. Газада қаза тапқан балалардың саны дүние жүзінде өлтірілген балалар санынан асып түседі.
Қазақстан Палестинаға 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек жібереді – Тоқаев