Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Белгородқа соққы жасалды – қаза тапқандардың саны артты

Sputnik
АСТАНА, 31 желтоқсан – Sputnik. Белгородқа жасалған соққы кезінде қаза тапқандардың саны 22 адамға жетті. Бұл туралы аймақ губернаторы Вячеслав Гладков мәлімдеді.
Қаза тапқандардың арасында үш бала бар. Бұдан бөлек, 110 адам жарақат алды.
"Белгородқа жасалған соққылардан кейін қаза тапқан адамдарды саны 22-ге жетті. Зардап шеккен бір адам түнде ауруханада көз жұмды. Қаза тапқандардың отбасылары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамын", - дейді Гладков.
Ал жарақат алғандардың ішінде 30 адамның жағдайы ауыр. Тағы 63 адам ауруханада ем-дом алып жүр.
Айта кетері, сенбі күні Украинаның қарулы күштері Белгород қаласының орталығына оқ жаудырды. Сол күні 20 адамның қаза тапқаны туралы ақпарат шықты. Қазіргі кезде бірнеше қылмыстық іс қозғалды.
Ресейдің қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, әуе шабуылына қарсы жүйелер "Ольха" зымырандары мен Vampire снарядтарын атып түсірді. Сол кезде бірнеше реактивті снаряд мен зымырандардың қалдықтары Белгород қаласына түсті.
Ресми мәліметке сәйкес, қалада 30 көппәтерлі тұрғын үйге, 344 пәтерге және 3 жеке меншік үйге зақым келген. Бұдан бөлек, оқ мектеп, лицей мен балабақшаға тиген. 51 адамның көлігі зақымданды. Шығынды бағалау жұмыстары жалғасып жатыр.