"7-20-25" ипотекасы: келесі жылы бағдарламаға қанша қаржы бөлінеді

Sputnik
АСТАНА, 30 желтоқсан – Sputnik. Ұлттық банк жаңа жылда "7-20-25" бағдарламасын іске асыру тәртібін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қаржы ұйымдарын дамыту департаменті директорының орынбасары Ержан Ахметалидің айтуынша, бағдарламаның жыл сайынғы бюджеті өзгермейді және 100 млрд теңгеден аспайды.
"2024 жылғы бюджет лимиті де 2023 жылғымен бірдей бекітілді, яғни 100 млрд теңгеден асырмау туралы шешім қабылданды. Бағдарламаның бір жылдық бюджетін біркелкі игеру үшін банктер беретін қарызды талап ету құқығын сатып алуға бағытталатын қаражат тоқсан сайын 25 млрд теңгеден бөлінді. Бұл шешім жылдың қай уақытында болмасын тұрғын үй сатып алуды жоспарлаған азаматтардың жеңілдікпен несие алуына жағдай жасайды", - дейді Ахметали.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бір өзгеріс болады. Атап айтқанда, банктердің ипотека қарыздарын талап ету құқығын сенімгерлік басқарғаны үшін алатын сыйақысы жылдық 3%-дан 2,5%-ға дейін төмендетіледі.
"Бұл шара "7-20-25" бағдарламасының операторы – "Қазақстандық тұрақтылық қоры" АҚ-ның шығынын азайтуға, сонымен қатар банктердің бағдарлама аясында кредит беруге деген ынтасын сақтауға мүмкіндік береді", - деп атап көрсетті маман.
Осы шара қарыз алушы үшін бекітілген мөлшерлемеге әсер етпейді. 7 процент деңгейінде сақтала береді.