АСТАНА, 29 желтоқсан – Sputnik. Павлодар облысында медициналық колледждің мыңға жуық студентіне үш ай бойы шәкіртақы дұрыс төленбеген, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Биылдан бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы көтерілуі тиіс. Алайда бухгалтерия оны бұрынғы есеппен санай салған.
"Мәселен, 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап төлемдер мөлшерін арттыру бойынша заңнамалық түзетулер қабылданды. Шәкіртақы 20 948-ден 31 422-ге дейін, яғни, 10,5 мың теңгеге өскен. Соған қарамастан, биылғы оқу жылының басынан бері 965 студент шәкіртақыны ескі мөлшерлеме бойынша ала берген", - дейді прокурорлар.
Қадағалау актісі бойынша облыс әкімдігі берешекті өтеу үшін 40 млн теңгені тапты. Қазіргі кезде студенттерге тиесілі барлық сомалар төленді. Ал кінәлі адамдар жазаланды.