АЛМАТЫ, 29 желтоқсан - Sputnik. Қазақстанның әділет министрлігі Адай жылқысының алты жаңа тұқымын жаңа ұлттық бренд ретінде патенттеді, деп мәлімдеді министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли.
Ұлттық зияткерлік меншік институты ауыл шаруашылығы министрлігінің тұқымдарды сынақтан өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қорытындысын зерделеп, селекциялық жетістікке алты патент беру туралы шешім қабылдады. Ол селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімінде тіркелген.
"Осы қорытындының негізінде патент иеленушінің селекциялық жетістікті пайдалануға айрықша құқығын, оның басымдығы мен селекционердің авторлығын куәландыратын Қазақстан Республикасының селекциялық жетістігі ретінде Адай жылқысының алты жаңа тұқымы тіркелді", - делінген хабарламада.
Биыл 29 желтоқсанда патенттер беру туралы мәліметтер ресми бюллетеньде жарияланды.
Ведомствода Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына сапарының қорытындысы бойынша үкіметке Адай тұқымды асыл тұқымды жылқыны ғылыми тану және өсімін молайту бойынша жұмысты жедел жүргізуді тапсырғанын еске салды.
Адай жылқысының жаңа тұқымдарына патент алу оның одан әрі сақталуы мен іріктелуіне, сондай-ақ Қазақстанның ұлттық брендінің дамуына ықпал етеді, деп атап өтті министрлікте.
Бұған дейін республикалық бюджет қостанайлық жылқы тұқымын сақтауға жыл сайын 140 миллион теңге жұмсайтыны хабарланған болатын. Бұл тұқым – мамандандырылған спорттық бағыттағы қазақтың жалғыз ат спорты тұқымы және ұлттық ат спорты түрлерін дамыту үшін кеңінен қолданылады.