АСТАНА, 28 желтоқсан – Sputnik. Биыл қазақстандық әуе компаниялар 13 миллион жолаушы тасымалдап, жаңа рекорд орнатты, деп хабарлайды көлік министрлігі.
Ведомство авиация саласында әуе көлігін пайдалану мәдениеті белсенді түрде қалыптасып келе жатқанын атап өтті.
"Әуе тасымалы халық арасында көліктің неғұрлым танымал түріне айналып жатыр. Жолаушылар тасымалының 23%-ке ұлғаюы мұның бірден бір дәлелі. Биыл қазақстандық авиакомпаниялар рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, тасымалданған жолаушылар саны 13 млн жолаушыға жетті", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ қазақстандық әуе компаниялардың ұшақ паркі 89-дан 99 бірлікке дейін, ал кресло-орындардың сыйымдылығы 12 мыңнан 15 мыңға дейін ұлғайтылды. Қабылданған шаралар әуе тасымалдың қолжетімділігін жақсартуға және рейстердің жүйелілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Министрлік ақпаратынша, жеке инвестиция есебінен Шымкент, Қызылорда және Алматы қалаларында 3 жаңа жолаушылар терминалы салынып жатыр. Бұл нысандар 2024 жылы наурыз, мамыр және маусым айларында аяқталады деп жоспарлануда.
Барлық өңірді қолжетімді тасымалмен қамту мақсатында 23 ішкі әлеуметтік маңызы бар және туристік бағыт субсидияланды.
"Жыл соңына дейін қазақстандық әуежайлар 25 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 22%-ке артық", - деп атап өтті көлік министрлігіндегілер.
Ішкі тасымал көлемі толығымен қалпына келтірілді және аптасына 50 бағыт бойынша 640 рейсті құрайды.
28 елмен халықаралық әуе қатынасы жолға қойылған. Биыл 23 бағыт бойынша 13 елге жаңа рейстер жаңартылып, ашылды.