АСТАНА, 28 желтоқсан – Sputnik. 11 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 15 млн шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға артық, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Жалпы республика бойынша 134 мың тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде 32 мыңнан астамы – жеке тұрғын үйлер.
Үкіметтің хабарлауынша, құрылыс жұмыстарының көлемі 5,9 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,6%-ға артық.
"Құрылыс материалдарының отандық өндірісін ұлғайту саланы дамытуда маңызды саналады. Осы орайда 2027 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. Ол құрылыс индустриясы саласындағы жалпы құны 1,8 трлн теңгеге жуық 270 жобаны қамтиды", - деп атап өтті ведомство.
Биыл 73 млрд теңгеге 41 жоба іске қосылды. Олардың ішінде Қарағанды облысында бірінші сұрыптағы әк және Астанада асфальт бетонын өндіретін зауыттар бар. Сондай-ақ Абай облысында цемент зауыты қалпына келтіріліп, жаңғыртылды. Жетісу облысында қыш тақтайша өндірісі кеңейтілді. Астанада шатыр және қаптайтын материалдарды шығару жолға қойылған.
Жақын арада Шымкентте 2 млрд теңге сомасына тағы 3 жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде.
"Жалпы республикада құрылыс материалдарының өндірісі 10,2%-ға 1,03 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл ретте жалпы көрсеткіште құрылыс материалдары сатып алынған отандық тауар өндірушілердің үлесі 62-ден 66%-ға дейін ұлғайды, бұл олардың ішкі нарықтағы позицияларының нығайғанын білдіреді", - делінген үкімет хабарламасында.
Кезекте тұрғандарды қолжетімді әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету аясында биыл 10,9 мың жалдамалы пәтер сатып алуға 104 млрд теңгеден астам, сондай-ақ несиеге берілетін 12,5 мың тұрғын үй салуға және сатуға 158 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.