АСТАНА, 28 желтоқсан – Sputnik. Украина ұлттық полициясының басшысы Иван Выговский Жоғарғы Рада депутаттарының әскерге шақыру қағазын тапсыруды полицияға жүктеу туралы бастамасына қарсы шықты, оның пікірінше, тәртіп сақшылары онсыз да әскерден жалтарушылар мен әскери комиссариаттағы парақорларды ұстаумен айналысып жатыр. Оның сөзін украиналық "Страна" басылымы Telegram каналында жариялады.
Әскери міндеттілерге шақыру қағазын полиция қызметкерлері де тапсырсын деген ұсыныс Украинадағы мобилизацияға қатысты № 10378 заң жобасына енгізілген.
"Біздің жұмысымыз көп және әркім өз жұмысын істеуі керек деп есептейміз. Онсыз да мобилизацияға барынша көмектесіп, әскерден жалтарушылардың қайда жүргенін анықтап жатырмыз", - деді Выговский.
Ол полицейлер әскери комиссариат өкілдерінің арасында жүздеген қылмыстық құқық бұзушылықты құжаттап, олардың әскерден жалтарушылардан пара алатын қызметкерлерін анықтап жатқанын атап өтті.
Выговский 100 мың полиция қызметкерін қосымша мобилизациялау туралы ұсынысқа түсініктеме бере отырып, полиция қазірдің өзінде елдің қауіпсіздік және қорғаныс күштеріне барынша тартылғанын және "ішкі майданда" қызмет етіп жатқанын айтты.
Бір күн бұрын "Батькивщина" партиясының лидері Юлия Тимошенко әскерге шақыру жасын төмендетудің орнына Украинадағы қауіпсіздік күштерінің 50 пайызын майданға шақыруды ұсынды.
Владимир Зеленский 19 желтоқсанда өткен баспасөз мәслихатында Украина Қарулы күштерінің бас штабы қосымша 450-500 мың адамды мобилизациялау туралы өтініш жасағанын айтты.
Дүйсенбі күні Украина үкіметі парламентке мобилизациялау туралы заң жобасын енгізді.
Айта кетері, Украинада 2022 жылдың ақпанынан бастап әскери жағдай режимі енгізіліп, жалпы мобилизациялау туралы жарлық күшіне енді. 18 бен 60 жас аралығындағы ер адамдарға Украинадан шығуға тыйым салынды. Әскери қызметтен жалтарғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады.