АСТАНА, 28 желтоқсан - Sputnik. Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман марқұм Салтанат Нүкенованың туған-туыстарына көңіл айтты. Ол ұзақ үнсіз қалуының себебін "болған жайтты ой елегінен өткізуге уақыт қажет болды" деп түсіндірді.
"Мен үнсіздікті үзуді жөн көрдім. Салтанаттың қайғылы қазасынан бері 40 күн өтті. Маған және балаларға болған жайтты саралап, ой елегінен өткізу үшін уақыт қажет болды", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Назым Қаһарман марқұмның туған-туыстарына көңіл айтты.
"Балалар және мен Салтанаттың отбасының орны толмас қазасына шын жүректен көңіл айтамыз. Мен оны жеке танымадым, бірақ балалар онымен дос болып, оны жарқын, мейірімді және өте жанашыр адам ретінде еске алады", - деп жазды ол.
"Бұл қайғылы оқиға мұның бәрін оларға тірек және үлгі болуы тиіс жақын адам жасағанымен одан да азапты. Бұл өте қорқынышты, ұят және адам төзгісіз азап. Салтанаттан айырылған оның туыстарының қайғысымен салыстыруға келмегенімен, менің балаларым өз бастарынан өткен қиыншылықтарға қарамастан әрқашан жақсылық пен игіліктің жағында болатынына сенемін және мұны білемін", - деді Назым Қаһарман.
Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жұбайы Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін ұсталды. Ол аяусыз соққыға жығылғаннан кейін елордадағы мейрамханалардың бірінде көз жұмды.
Бірқатар БАҚ-тың хабарлауынша, Нүкенова дене жарақатымен мейрамханада жатып, таңғы уақыттан сағат 16.00-ге дейін медициналық көмексіз баяу жан тапсырған. Осыдан кейін жедел жәрдем шақырылғанымен, ол қайтыс болды.
Бишімбаев 2018 жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен 10 жылға сотталып, 2019 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.
Соңғы қайғылы оқиғадан кейін бұрынғы министр 2 айға қамауға алынды.
Бишімбаевтың қайтыс болған әйелінің туыстары оны кешірмейтіндерін айтты.