АСТАНА, 28 желтоқсан – Sputnik. Абай облысында психикалық дертке шалдыққан 78 адамға жүргізуші куәлігі берілгені анықталды, деп хабарлайды өңірдің прокуратурасы.
Прокуратура жол қозғалысы қауіпсіздігі саласында талдау жүргізді.
"Талдау көрсеткендей, облыста 78 адамның медициналық қарсы көрсеткіштеріне қарамастан жарамды жүргізуші куәлігі бар. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша оның 50-і жүргізуші куәлігінен айырылды, қалғандары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Облыс прокуратурасы атап өткендей, көлік басқару құқығын тоқтату негіздерінің бірі – медициналық қорытындымен расталған, көлікті қауіпсіз басқаруға кедергі келтіретін жүргізуші денсаулығының нашарлауы.
Мұндай құқықты бұзу уәкілетті органның (лауазымды тұлғаның) талабы бойынша сот шешімі арқылы азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.