АСТАНА, 27 желтоқсан – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында дауыл салдарынан 180-нен астам ауыл жарықсыз қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, 26 желтоқсанда облыста жаңбыр жауып, арты қарға ұласып, желдің екпіні 25-30 метр/секундқа дейін жеткен.
Қарлы боран салдарынан облыстың барлық 13 ауданындағы 181 ауылда электр жарығы өшірілді. Облыста мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың іс-әрекетін үйлестіретін тұрақты штаб жұмыс істеп тұр.
"Бірінші кезекте барлық әлеуметтік нысан – аудандық ауруханалар, мектептер, балалар үйлері, аудандардағы орталық қазандықтар бақылауға алынды. Олар резервтік электрмен қамтамасыз етілді, жылу жүйесі реттелді", - деді басқарма басшысы Владислав Лукин.
"Севказэнерго" АҚ-ның 55 апатты-жөндеу бригадасы мен 55 техникасы және "Көкшетау Энерго" ЖШС-нің 37 апатты-жөндеу бригадасы мен 140 техникасы елді мекендерді электрмен жабдықтауды қалпына келтіруге кірісті.
27 желтоқсан сағат 15:00-дегі жағдай бойынша 92 елді мекен мен 5 079 абонент электр жарығынсыз қалды. Апатқа электр желілерінің үзілуі мен қосалқы станциялардағы қысқа тұйықталулар себеп болды.
Айта кетері, бұл қыс маусымы басталғалы екінші рет тіркелген ірі апат. Қараша айында ауа райының қолайсыздығынан 183 ауыл жарықсыз қалды. Энергетиктер жөндеу жұмыстарын бір апта бойы жүргізді.
Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, кейінгі тәулікте облыста Жамбыл, Есіл, Қызылжар, Тимирязев мен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы жолдарда көліктер қар құрсауында қалған алты жағдай тіркелді. Барлығы тоғыз жүк және жолаушылар көлігі тіркелген.
Жолдағы құтқарушылар мен полиция қызметкерлері әкімдіктермен және Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабымен бірлесе отырып, 94 адамды, оның ішінде бес баланы құтқарып қалды.
"Жолдардың жабылуына байланысты 104 адам эвакуацияланып, жылыну орындарына орналастырылды. Олар ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Құтқарылғандар медициналық көмекті қажет етпеді", - деп хабарлады ТЖД.
Сонымен қатар дауылды жел екі ғимараттың шатырын жұлып әкетті.
"26 желтоқсанда Шал ақын ауданы Сергеевка қаласында екпінді жел мектеп-гимназияның 54 шаршы метр аумақтағы шатырын жұлып әкетті. Сонымен қатар Сергеевкада "Бөбек" балабақшасының 280 шаршы метр көлемдегі шатыры жұлынды. Балалар автобуспен үйлеріне жеткізілді", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.