Келесі жылы шекара қорғау қызметіне қазақы төбет қосылады

Қазір шекара қызметінің кинологиясында Таймас және Сақшы атты екі төбет дайындалып жатыр
Sputnik
АСТАНА, 27 желтоқсан – Sputnik. Бүгінге дейін қазақ кинологтары еуропалық ит тұқымдарын ғана баулып келді. Неміс, Шығыс Еуропа, Бельгия овчаркалары шекарамызды күзетуге де атсалысып жүр.
Келер жылдан бастап төбет те шекарамызды қорғайды, деп хабарлайды 24.kz. Қазір шекара қызметінің кинологиясында Таймас және Сақшы атты екі төбет дайындалып жатыр. Әбден дайын болғанда есірткі, жарылғыш заттар мен атыс қаруларын, декларацияланбаған валютаны іздеу үшін шабуыл қызметіне көмекке келеді.
"Осы қазір 7 ай болды қарап жатқанымызға. Осы 7 айдың көлемінде бақылау барысында, тестілеу барысында жалпы төбеттердің қырағылықтары жақсы. Мысалы, біз өзіміздің қоймаларда тексеру жасадық. Қоймаларға қойып, түнгі уақыттарда эксперимент жүргізу барысында бұлар бөтен адамдарды тез сезеді және өздері белгі береді", - дейді ҰҚК шекара қызметі кинология бөлімінің өкілі Әлімжан Құлмағанбетов.