Еліміздің бірқатар өңірінде оқушылар қашықтан оқиды

"Қазгидрометтің" деректері бойынша республика аумағының басым бөлігінде ауа райы құбылмалы
Sputnik
АСТАНА, 27 желтоқсан - Sputnik. Абай мен Қостанай облыстарында оқушылар үшін сабақ қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.
"2023 жылғы 27 желтоқсан күні ауа райының қолайсыздығына байланысты Семей қаласының I ауысымда оқитын 1-11 сынып оқушылары үшін сабақ қашықтан оқыту форматына ауыстырылды", - делінген жергілікті білім басқармасының хабарламасында.
Қостанай облысында (Наурызым ауданы, Ұзынкөл ауданы, Арқалық қаласында) жел мен көктайғаққа байланысты бірнеше ауданның бірінші ауысымдағы оқушылары онлайн оқиды.
Меңдіқара және Қарасу аудандарының мектептері де жартылай қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.
"Қазгидрометтің" деректері бойынша республика аумағының басым бөлігінде ауа райы құбылмалы.