"Балаларына не дейміз?": Алматыда автобус қағып өлтірген ерлі-зайыпты жерленді

Ерлі-зайыптының артында 4 баласы қалған. Екеуі әлі кәмелет жасына да толмапты
Sputnik
АСТАНА, 26 желтоқсан – Sputnik. Алматыда автобустың астында ажал құшқан ерлі-зайыптының туыстары соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды КТК.
Марқұм Талап Қасымов пен жұбайы Гүлжахан Ырсымбаевадан жақындары қапыда айырылып қалғанына әлі сенбейді. Ерлі-зайыптының артында 4 баласы қалған. Екеуі әлі кәмелет жасына да толмапты.
"Үнемі екеуі бірге жүретін еді, сол күні де екеуі ойында ештеңе жоқ, балалары үйде күтіп отырғанын біледі, асығып келе жатқан ғой. Жолда көлік тоқтатып тұрды. Балалары түсінбейді әлі, олар біз келгенімізге қонақ деп, жүгіріп ойнап жүр, ертен мына адамның бәрі кеткеннен соң, не деп жауап береміз? Мамасын сұраса, папасын сұраса не деп айтамыз?", - деді туысы Гүлнәр Тұрсынбекова.
Балаларының ең үлкені – 23, екіншісі – 18 жаста. Үшіншісі – 9-сынып оқушысы, ал кенжесінің жасы бесте. Артында шырылдап қалған олар
Қара жамылған отбасы тергеудің әділ жүріп, күдіктінің қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр. Сонымен қатар автобус паркінен өтемақы төлеуді де талап етеді.
Еске салсақ, апат өткен жұмада Райымбек даңғылының бойында болған. №47 бағыттағы қоғамдық көлік жолдың жиегіндегі бір топ адамды қағып өтіп, үш адам көз жұмып, төртеуі ауруханаға түскен.
Апатқа жүргізуші мен жолаушы арасындаға дау себеп. Жолаушы рөлде отырған әйелді жұдырықтай жөнеледі. Соққыдан тізгіндегі әйел есінен танып, автобус жылдамдығын азайтпаған күйі жол жиегіндегілерді жайпап өткен. Қайғылы оқиға қатысты тергеу жүріп жатыр. Күдікті жолаушы екі айға қамауға алынған.