АСТАНА, 26 желтоқсан – Sputnik. Ресейлік мамандар 2027 жылға қарай Көкшетау мен Семейде жаңа жылу электр орталығын салып береді. Ал Өскемендегі ЖЭО 2030 жылда тапсырылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан 24.kz арнасына сілтеме жасап.
"Самұрық-Қазынаның" басшысы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, жаңа нысандардың арқасында елдің энергетикалық жүйесі күшейе түседі. Ал қуат көздерінің көлемі 1 гигаваттан асады. Жаңа жылу электр станцияларының құрылысын ресейлік банктер қаржыландырады. "Қаржыландыру ресейлік банктердің тарапынан 15 жылға өте жақсы проценттік мөлшерлемемен болады және Ресей үкіметімен субсидияланады. Кредит рубльмен беріледі", - дейді Жақыпов.
"Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовтың сөзіне қарағанда, Ресей Екібастұз ГРЭС-1 үшін 3-ші және 4-ші энергия блоктарын да салып береді.
"Ресейлік компания басқаратын консорциум жобалау жұмыстарымен, құрал-жабдықтарды жеткізумен, қаржыландырумен және құрылыспен айналысады", - деп атап көрсетті Мақсұтов.
Қазақстанда салынатын үш ЖЭО-ның мердігері – ресейлік "ИНТЕР РАО-Экспорт" компаниясы.