АСТАНА, 26 желтоқсан – Sputnik. Маңғыстау облысындағы "Бозашы Мұнай" ЖШС компаниясының иелігіндегі оңтүстік Қаратұрын кен орнындағы ұңғымада 6 ай бойы жанған өрт сөндірілді.
Оңтүстік Қаратұрын кен орнында оқыстан пайда болған өрт 9 маусымнан бері ауыздықталмады. Тілсіз жаудың себебі ретінде өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті жер қойнауын пайдаланушы мен сервистік ұйымдардың жіберген кемшіліктерін алға тартты. Сарапшылар апат ең жоғарғы күрделі деңгейде екенін мәлімдеді.
Өртті түбегейлі жою үшін сала мамандары апат болған ұңғыманы қосымша бұрғылап, кейін оған өрт сөндіру ерітіндісін құйды.
"Ерітіндіні құйғаннан кейін ұңғыманы цементтеу жоспарланып отыр. Осыдан кейін қалпына келтіру жұмыстары басталады. Жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын өзіне қосымша міндеттемелер алды. Маңғыстау ауданы әкімдігі мен мұнай компаниясы арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Келісім аясында бірқатар елді мекендердегі әлеуметтік жобаларға 50 миллион теңге бөлінеді", - деп жазылған компания таратқан ақпаратта.
Еске салсақ, Маңғыстау облысындағы "Оңтүстік Қаратұрын" кен орнында мұнай ұңғымасынан шыққан өртті өшірмеуге шешім қабылданды. Мамандар айналада жарылыс болуы әбден мүмкін екенін болжаған еді. Өрт салдарынан бір адам көз жұмды.