Израиль премьер-министрі Газа секторында бейбітшілік орнатудың үш шартын атады

Бұл шарттардың бірі – ХАМАС қозғалысын жою
Sputnik
АСТАНА, 26 желтоқсан – Sputnik. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Wall Street Journal газетіне арнап жазған мақаласында Газа секторында бейбітшілікке қол жеткізудің үш шартын атады, олардың бірі – бүкіл Палестина қоғамын "дерадикализациялау". Бұл туралы РИА Новости хабарлады.
Нетаньяху бейбітшілікке қол жеткізу үшін палестиналық ХАМАС қозғалысын жойып, Газа секторын "демилитаризациялау" және Палестина қоғамын "дерадикализациялау" керек деді.
"Газаны дерадикализациялау керек. Мектептер балаларды өлімнен гөрі өмірді бағалауды үйретуі керек, ал имамдар еврейлерді өлтіруді уағыздауды тоқтатуы керек. Палестинаның азаматтық қоғамы адамдар терроризмді қаржыландыруды емес, терроризммен күресті қолдайтындай етіп өзгертілуі керек", - деп жазды Нетаньяху басылымдағы мақаласында.
Премьер-министр ХАМАС қозғалысын жою қақтығыстың одан әрі өршуіне жол бермеу үшін қажет деп санайды.
Ол Газаны "демилитаризациялау" үшін Газаның периметрі бойынша уақытша "қауіпсіздік аймағын" құру, сондай-ақ анклавқа қару-жарақ тасымалдауға жол бермеу үшін Мысырмен шекарада тексерулерді бастау қажет екенін жазды.
7 қазанда Палестинаның ХАМАС қозғалысы "Әл-Ақса дауылы" операциясы аясында Израильге зымыранмен шабуылдады.
Осыдан кейін ұйымның жауынгерлері Израильдің оңтүстігіндегі шекаралас аймақтарға еніп, 200-ден астам адамды кепілге алды. Израильде, биліктің соңғы мәліметі бойынша, шамамен 1,2 мың адам қаза болды, олардың қатарында бейбіт тұрғындар, сарбаздар, шетелдік азаматтар мен жұмысшылар бар. Сонымен қатар 5 мыңнан астам адам зардап шеккені туралы хабарланды.
Бұған жауап ретінде Израиль қорғаныс армиясы Газа секторындағы Хамасқа қарсы "Темір қылыш" операциясын бастады. Бірнеше күн ішінде Израиль әскери күштері Газа шекарасындағы барлық елді мекенді бақылауға алып, сектор аумағындағы нысандарға, соның ішінде азаматтық нысандарға авиациялық соққы жасай бастады. Сондай-ақ Израиль Газа секторының толық блокадасын жариялады: су, азық-түлік, электр энергиясы, дәрі-дәрмек, отын жеткізу тоқтатылды.
Қазан айының соңында анклавтағы Израиль операциясының жердегі кезеңі басталды. Газа қаласын Израиль құрлық күштері қоршап алды, ал анклав іс жүзінде оңтүстік және солтүстік бөліктерге бөлінді.
Палестиналық анклавтың денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Газа секторында Израиль соққы жасаған уақыттан бастап қаза тапқандар саны 20 374 адамға жетті, 54 536 мыңнан астам адам жараланды.
Тараптардың аумақтық мүдделеріне қатысты Палестина – Израиль арасындағы қақтығыс ондаған жыл бойы аймақта шиеленіс көзі болды. 1947 жылы БҰҰ шешімі екі мемлекеттің – Израиль мен Палестинаның құрылуын анықтағанмен, тек Израиль мемлекеті ғана құрылды.