ЕАЭО 600 млн адамды тамақтандыра алады, бірақ санкция кедергі келтіріп отыр – Тоқаев

Қазақстан президенті кедергілерді жоюды, электронды сауданы дамытуды және Ресей, Қазақстан және Иран арасында оптикалық-талшықты байланыс желісін салуды ұсынды
Sputnik
АСТАНА, 25 желтоқсан – Sputnik. ЕАЭО дүниежүзіндегі 600 миллион адамды тамақтандыра алады, бірақ оған санкция кедергі келтіріп отыр, деді Қасым-Жомарт-Тоқаев Санкт-Петербургтегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында.
"Бүгінде Еуразиялық бестік елдері өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз етудің ең жоғары деңгейіне қол жеткізді", - деп атап өтті Тоқаев.
Ол сондай-ақ ЕАЭО елдерінің ауыл шаруашылығы өнімдері экспортындағы үлесі әлі де төмен екенін, ол 2%-дан сәл асатынын мәлімдеді.
"Ал қазіргі уақытта планетада 800 миллионнан астам адам аштық пен азық-түлік тапшылығын бастан кешуде", - деді Тоқаев.
Қазақстан президенті азық-түлік жеткізуге геосаяси жағдай, атап айтқанда, санкция кедергі болып отырғанын атап өтті.
"Салдарынан азық-түлікке мұқтаж халықтар зардап шегіп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, ЕАЭО елдерінің әлеуеті 600 миллионға жуық адамды тамақтандыруға мүмкіндік береді", - деді Қазақстан басшысы.
Бәсекеге қабілетті, экологиялық таза, озық халықаралық стандарттарға сәйкес келетін экспортқа бағдарланған өнім шығару бойынша тығыз ынтымақтастық орнату Одақтың басты міндетіне айналуға тиіс, деп есептейді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің өсімі жыл соңында 4,9 пайызды құрайды.
Инфляциялық қысым, халықаралық логистика тізбегінің трансформациясы, аймақтық қақтығыстар, санкциялық текетірес – бұл жаһандық экономиканың даму қарқынын бәсеңдететін факторлардың бір бөлігі ғана, деп толықтырды ол.
"Осындай қиын жағдайда Қазақстан жылды 4,9 пайыздық экономикалық өсіммен аяқтауды жоспарлап отыр", - деді Тоқаев.
Қазақстан президенті ынтымақтастықты дамытуға тосқауыл болатын кедергілерге жеке тоқталды.
"Кеден шекараларының ашылғанына қарамастан, әрбір мемлекет, өкінішке қарай, ішкі тауар өндірушілерді бірлестіктің басқа мүшелерімен бәсекелестіктен қорғауды жалғастыруда. Сондықтан бізге ортақ нарықтағы кедергілер мен шектеулерді жоюды, сондай-ақ бірыңғай техникалық регламенттер енгізуді жеделдету қажет", - деді Тоқаев.
Ол Ресей-Қазақстан-Иран бағдары бойынша оптикалық-талшықты байланыс желісін салуды ұсынды.
"Қазақстан ынтымақтастықты жан-жақты дамытуды жақтайды. Осы бағытта мен Үнді мұхиты жағалауымен өтетін халықаралық желілерге қосылу үшін Ресей-Қазақстан-Иран бағыты бойынша оптикалық талшықты байланыс желісін салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын", -деді ол.
Оның айтуынша, бұл еуразиялық кеңістікте транзиттік трафиктің баламалы бағытын жасап қана қоймай, Еуразиялық экономикалық одақтың жаһандық деңгейдегі деректер логистикасындағы позициясын айтарлықтай нығайтады.
Сондай-ақ Қазақстан президенті Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріндегі электронды сауда көлемі жақын арада 160 миллиард долларға жетуі мүмкін екенін баса айтты.
"ЕАЭО интеграцияланған ақпараттық жүйесінің толық форматты жұмыс істеуі қатысушы елдер арасында тауарларды тасымалдау кезінде бизнес шығындарын айтарлықтай төмендетеді", - деді ол.
Оның пікірінше, электронды сауда саласында үлкен әлеует бар.
"Өткен жылы ЕАЭО-дағы бұл нарықтың жалпы көлемі 80 миллиард долларға жетті, жақын арада бұл көрсеткіш екі есеге артуы мүмкін", - деді Тоқаев.