КӨКШЕТАУ, 25 желтоқсан – Sputnik. Желіде Ақмола облысында бес көліктің соқтығысқаны жайлы видео тарап жатыр. Зардап шеккендер бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқиға куәгерлері әлеуметтік желіде Астана-Петропавл тас жолында түсірілген жантүршігерлік кадрларды жариялады.
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жол апатыболғанын растады. Тәртіп сақшылары дүйсенбі, 25 желтоқсанда республикалық тас жолда бірнеше көлік апатқа ұшырағанын хабарлады.
Полицейлер "ГАЗель" жүргізушісі көліктің бұзылуына байланысты оң жақ шеткі жолаққа тоқтағанын анықтады.
"Астана тұрғыны жүргізіп келе жатқан Volkswagen Polo көлігі "ГАЗельге" соқтығысқан. Ер адам алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Ал бұл көлікке бағыттас тағы үш көлік соқтығысқан", - деп түсіндірді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жолапаты дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.