АСТАНА, 24 желтоқсан – Sputnik. Павлодар облысы Павлодар ауданы ауылының тұрғындары ақша жинап, өз күшімен балаларға арнап сырғанақ жасап берді, деп хабарлады жергілікті пабликте осы шара бастамашыларының бірі.
Павлодар ауданы Богдановка ауылының тұрғыны Даниил өз ауылында балаларға арналған сырғанақ қалай пайда болғанын айтып берді.
"Біз жай ғана әлеуметтік желілерде ақша жиналатынын жарияладық. Жергілікті тұрғындар қажетті соманы жинады", - деді Даниил.
Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының көмегімен 257 мың теңге жиналған. Ағаш конструкцияға 220 мың теңге жұмсалған.
"Конструкцияны құрастыру өте оңай. Яғни, кез келген ауыл құрастыра алады. Миллиондар, тендерлер және тағы басқасы қажет емес", - дейді ауыл тұрғыны.
Даниил сырғанақты видеодан көрсетіп, ол туралы айтты.
Конструкцияның сырғанауға арналған бөлігінің ұзындығы 6 метр, биіктігі 2 метр 20 сантиметр. Төрт метрлік ағаш баспалдақпен көтеріледі. Балалардың көтерілуіне қауіпсіз болуы үшін оның бетін тақтаймен қаптады. Сырғанау еңісінің ені 1 метр 90 сантиметр.
Алайда әлеуметтік желі қолданушыларының кейбірі ауыл тұрғындарының бастамасын мақтағанмен, тиісті рұқсат құжаттары болмаса, құзырлы органдардың бұл конструкцияның жұмыс істеуіне рұқсат беретініне күмән келтірді.