АСТАНА, 24 желтоқсан – Sputnik. Израильдің Газа секторының солтүстігіндегі Джабалия босқындар лагеріне жасаған соққыларынан ондаған адам қаза тапты, деп хабарлайды РИА Новости Al-Jazeera телеарнасына сілтеме жасап.
"Израильдің Газа секторының солтүстігіндегі Джабалия босқындар лагеріндегі тұрғын үйлерге зымыран және артиллериямен соққы жасауы салдарынан ондаған адам қаза тапты", - деп жазылған телеарна мәлімдемесінде.
Телеарна атап өткендей, шабуыл салдарынан құтқарушылар мен медицина қызметкерлері қираған аймаққа жете алмады.
7 қазанда Палестинаның ХАМАС қозғалысы "Әл-Ақса дауылы" операциясы аясында Израильге зымыранмен шабуылдады.
Осыдан кейін ұйымның жауынгерлері Израильдің оңтүстігіндегі шекаралас аймақтарға еніп, 200-ден астам адамды кепілге алды. Израильде, биліктің соңғы мәліметі бойынша, шамамен 1,2 мың адам қаза болды, олардың қатарында бейбіт тұрғындар, сарбаздар, шетелдік азаматтар мен жұмысшылар бар. Сонымен қатар 5 мыңнан астам адам зардап шеккені туралы хабарланды.
Бұған жауап ретінде Израиль қорғаныс армиясы Газа секторындағы Хамасқа қарсы "Темір қылыш" операциясын бастады. Бірнеше күн ішінде Израиль әскери күштері Газа шекарасындағы барлық елді мекенді бақылауға алып, сектор аумағындағы нысандарға, соның ішінде азаматтық нысандарға авиациялық соққы жасай бастады. Сондай-ақ Израиль Газа секторының толық блокадасын жариялады: су, азық-түлік, электр энергиясы, дәрі-дәрмек, отын жеткізу тоқтатылды.
Қазан айының соңында анклавтағы Израиль операциясының жердегі кезеңі басталды. Газа қаласын Израиль құрлық күштері қоршап алды, ал анклав іс жүзінде оңтүстік және солтүстік бөліктерге бөлінді.
Газа секторында Израиль соққы жасаған уақыттан бастап қаза тапқандар саны 20 мыңға жетті, 52 мыңнан астам адам зардап шекті.
Тараптардың аумақтық мүдделеріне қатысты Палестина – Израиль арасындағы қақтығыс ондаған жылдар бойы аймақта шиеленіс көзі болды. 1947 жылы БҰҰ шешімі екі мемлекеттің – Израиль мен Палестинаның құрылуын анықтағанмен, тек Израиль мемлекеті ғана құрылды.