АСТАНА, 22 желтоқсан – Sputnik. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевтың мемлекет меншігіне қайтарылған Comfort Hotel қонақ үйі қала балансына өтіп жатыр, деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.
"Қалада мұндай деңгейдегі қонақ үйлер жетіспейді, ол өз қызметін сақтап қалатын шығар", - деді Жеңіс Қасымбек.
Бұған дейін бірінші президенттің бұрынғы туысы қаржы жымқыру ісін тергеу аясында бірқатар қымбат активті қайтарды.
Астанадағы мектептер мен сарайлар
Астанада 200 мыңға жуық оқушыға арналған 80 мектеп салынады, деді Қасымбек.
Осы жыл ішінде 14 мектеп салынды, олардың кейбірі іске қосылды. 2024 жылға 22 мектептің, алдағы екі жылда тағы 20 мектептің құрылысы жоспарлануда, деді ол. Әкімнің айтуынша, бұл "Жайлы мектеп" жобасын есепке алмаған кездегі көрсеткіш.
"Жайлы мектеп" жобасы бойынша келесі жылға дейін 90 мың орындық тағы 24 білім ошағы салынады. Оның ішінде 15 мектепті Астананың қарқынды дамып келе жатқан жаңа аудандары – Нұра мен Есілге орналастыру жоспарлануда.
2029 жылға қарай Астанада мектептерден басқа 15 оқушылар сарайы салынады. Олардың кейбірінде бассейндер қарастырылған.
"Олардың бесеуінің құрылысы келесі жылы басталады. Бұл нысандар елорданың барлық ауданында орналасады. Қазір жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Қасымбек.
Оқушылар сарайын барлық ауданда орналастыру жоспарлануда:
Сарыарқа ауданы, Ақан сері және С-189 (Земляничная) көшелері;
Алматы ауданы, Төлебаев және Бурабай көшелері;
Байқоңыр ауданы, Тайбурыл және Игілік көшелері;
Есіл ауданы, Түркістан және Бұқар жырау көшелері;
Нұра ауданы, Айтматов және Мұхамедханов көшелері.