Өңірлер

Қызылорда облысында үш компания электр энергиясының тарифін заңсыз көтерген

Қызылорда қаласы мен облыстың 5 ауданында барлық бюджеттік ұйым үшін тариф 18,8%-ке төмендетілді
Sputnik
АСТАНА, 22 желтоқсан – Sputnik. Қызылорда облысының энергиямен жабдықтаушы ұйымдары өз шығындарын электр энергиясының тарифтеріне қосқан, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Агенттіктің облыстық департаменті электр энергиясына тарифтерді қалыптастыруға талдау жүргізді.
"Тексеріс барысында әлеуметтік нысандарды электр энергиясымен қамтамасыз ететін үш кәсіпорын әкімшілік ғимарат пен көліктерді жалға алу және басқа да шығындарды тарифке қосқаны анықталды", - делінген хабарламада.
Құзырлы органдар қабылдаған шаралардың нәтижесінде энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тарифтерінен негізсіз шығындар алынып тасталды.
Осылайша Қызылорда қаласы мен облыстың 5 ауданындағы (Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш және Қармақшы) барлық бюджеттік ұйым үшін тариф 18,8%-ке, яғни кВт/сағ үшін 38,75-тен 31,45 теңгеге дейін төмендеді.
Жыл сайынғы бюджет қаражатын үнемдеу 380 млн теңгеден асады.
ҚМА өкілеттіктерді теріс пайдалану, ақша жымқыру немесе басқа да экономикалық құқықбұзушылық фактілерін байқаған азаматтарды агенттіктің телеграм ботына хабарласуды сұрады. Анонимділікке кепілдік беріледі.
Еліміздегі жылу электр станцияларына 15 мыңнан астам маман жетіспейді