АСТАНА, 22 желтоқсан – Sputnik. Венада Қазақстан бас прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков пен Аустрияның қаржылық барлау бөлімшесінің басшысы Л. Вердер активтерді қайтару жөніндегі жұмыс шеңберінде қолда бар ақпаратты жедел алмасуға уағдаласты. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ тараптар Аустрияның активтерді қайтару кеңсесімен қауіпсіз байланыс арнасын құру ниетін талқылады.
Қазақстан бас прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков бастаған делегация Венада "Қылмыстық активтерді заңдастыруға (жылыстатуға) байланысты істерді тергеу және қарастыру кезіндегі стратегиялық және практикалық аспектілер" атты семинарға қатысты.
"Іс-шара барысында шақырылған сарапшылар мен шетелдік әріптестерге Қазақстанда активтерді қайтару саласында жүргізілген заңнамалық реформалар туралы ақпарат ұсынылды", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар Садырбеков БҰҰ ЕҚБ ("General program on Money Laundering")" Ақшаны жылыстатуға қарсы жаһандық бағдарлама" жобасының басшысы Т.Мурсудлумен кездесу өткізді.
Кездесу барысында келесі бағыттар бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді:
"параллельді қаржылық тергеу ("follow the money" қағидатына сәйкес)" тақырыбы бойынша арнайы курсты ұйымдастыру;
виртуалды активтерді, бағалы қағаздарды іздеу, қадағалау, мұздату, тыйым салу/тәркілеу, траст бөлігінде активтерді қайтару тақырыптары бойынша семинарлар өткізу (оның ішінде крипто-қылмыстарды тергеу, "соқыр трасттардың" бенефициарларын анықтау және т.б.);
резонанстық қылмыстық істерді тергеп-тексеретін арнайы прокурорларды тұрақты оқыту жүйесін енгізу;
активтерді қайтару бойынша нақты сәтті жағдайларды егжей-тегжейлі қарау үшін сарапшылар/халықаралық мамандарды шақыру.
Сонымен қатар әлем елдерінің активтерді қайтару бойынша бөлімшелерін біріктіру механизмін құру мәселесі қозғалды.