Қоғам

Жаңа жылдан бастап Бурабайға кіру қымбаттайды

Тарифтің өзгеруі айлық есептік көрсеткіштің өсуімен ғана емес, Салық кодексіне енгізілген түзетулермен де байланысты
Sputnik
АСТАНА, 21 желтоқсан – Sputnik. 2024 жылдан бастап "Бурабай" МҰТП ұлттық паркіне кіру үшін төленетін тариф сомасы өседі, деп хабарлайды парктің баспасөз қызметі.
"2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке және заңды тұлғалардың автокөліктерінен ұлттық парк аумағында болған әрбір күн үшін төлем алынады", - делінген хабарламада.
Тура бір жыл бұрын Салық кодексінің 591-бабына мемлекеттік ұлттық парк аумағына көліктерді кіргізгені үшін алым алу мәселесі бойынша өзгеріс енгізілген болатын. Осыған орай, жаңа жылдан бастап еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіруге жаңа төлем ставкалары бекітілді.

Бурабайға кіру құны

2024 жылға арналған алым мөлшері:
жаяу жүргінші – 0,1 АЕК (369 теңге);
мотоцикл, мопед, квадроцикл үшін – 0,2 АЕК (738 теңге);
жеңіл автокөлік – 0,3 АЕК (1 108 теңге);
сыйымдылығы 16 орынға дейінгі шағын автобус пен жүк көлігі – 1 АЕК (3 692 теңге);
32 орынға дейінгі автобустар – 2 АЕК (7 384 теңге);
32-ден астам орындық автобус – 3 АЕК (11 076 теңге).
Айта кетері, 2024 жылдан бастап 1 айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңгені құрайды.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан елді мекендерде тұратын және/немесе сол жерде орналасқан саяжайлары бар жеке тұлғалар төлемнен босатылады.
"Бурабай, Бұланды және Еңбекшілдер аудандарының ұлттық парк аумағынан тыс орналасқан елді мекендерінің халқы жалпы негізде ақы төлеуге міндетті. Бұл ұлттық паркпен іргелес жерлерде тұратындарға да қатысты", - деп атап өтті парктегілер.

Кіру ақысын қалай төлейді

"Бурабай" мемлекеттік ұлттық паркінде 5 бақылау-өткізу бекеті автоматтандырылған:
№1 өткізу бекеті – Астана-Петропавл тас жолы жағынан кіру;
№2 өткізу бекеті – Бурабай ауылында;
№3 өткізу бекеті – Щучинск қаласы арқылы Щучинск-Бурабай курорттық аймағына кірер тұста;
№4 өткізу бекеті – Мемлекеттік ұлттық парк аумағына Щучинск қаласынан "Балдәурен" оқу-сауықтыру орталығы бағытындағы кіреберісте;
№5 өткізу бекеті – Қатаркөл көлінің жанындағы Приозерный орман шаруашылығының аумағында.
"Өткізу бекеттерінің бәрі екінші деңгейлі банктердің төлем қызметіне қосылған (kaspi.kz, homebank, Jusan). Яғни төлемді терминал арқылы да, банктік аударыммен де жасауға болады. Онлайн төлеу үшін банктердің QR-кодтары қойылған", - делінген хабарламада.
Kaspi.kz қосымшасымен төлеу үшін шотыңызды алдын ала толтыруға болады (ақылы жолдардағы сияқты). Ондай кезде ұлттық парктен шыққанда төлем автоматты түрде есепшоттан алынады. Төлем банктік аударыммен де, қолма-қол ақшамен де жасалады.
"Бурабай" табиғи паркінің әкімшілігі бақылау-өткізу бекетінде кептеліс болмауы үшін маршрутты алдын ала жоспарлап, Бурабай ауылындағы ғана емес, басқа да өткізу бекеттерінен шығуға болатынын ескеруді сұрады.

Тариф неге өзгерді

Парк әкімшілігі атап өткендей, тариф "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" заңның 38-бабына орай өзгертілді.
"Автокөлік адамға қарағанда қоршаған ортаға көбірек зиян келтіреді: ауаны ластайды, зиянды химиялық заттар таралады, дыбысы қатты", - дейді парктегілер.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы төлем республикалық бюджетке түседі. "Бурабай" МҰТП-ның міндетіне оны тек жинау кіреді.