АСТАНА, 21 желтоқсан – Sputnik. Алматыда адам өлтірді деген күдікке ілінген 22 және 33 жастағы екі ер адам екі ай бойы жер астында жасырынып жатқан, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Күдіктілер қазан айында танысын өлтіріп, қылмысты жасыру үшін денесін өртеп жіберген. Олар осы уақытқа дейін іздеуде болды.
"Күні кеше күдіктілердің тұрған жері анықталды. Олар "Алматы – Астана" тас жолынан 2 шақырым шалғай жерде көлемі 3х1,3 метр, ал биіктігі 1,7 метр болатын жеркепе жасап, сол жерде жасырынып жатқан. Тамақтанатын орын да жасап алған", - дейді полицейлер.
Күдіктілер танысын өлтіргенін мойындады. Екеуі де қамауға алынды. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.