АСТАНА, 21 желтоқсан - Sputnik. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су үнемдейтін шаруалардың субсидиясы артатынын мәлімдеді , деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде еліміздегі суармалы жерлердің 15 процентінде ғана ылғалды үнемдеу, жаңбырлатып және тамшылатып суару технологиялары қолданылады. Бұл - өте төмен көрсеткіш. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде суды үнемдеу шараларын енгізген маңызды. Себебі ол жақтағы ағынды судың 95 процентін пайдаланады.
"Қазіргі кезде біз ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге суды үнемдейтін шаруаларға төленетін субсидияның үлесін 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтсақ деген ойымыз бар", - деді Нұржігітов.
Министрдің айтуынша, оңтүстікте шаруа қожалықтарының басым бөлігінде жер көлемі 50 гектардан аспайды. Ал ондай жерге суды үнемдеу технологиясын орнатуға кем дегенде 30 миллион теңге кетеді. Шаруалар кредит алса, қарызды ұзақ уақыт төлеуге тура келеді.
"Біз өзіміз есептеп көрдік, кредит төлеуге көп жыл кетеді. Сондықтан субсидияны арттыруға шешім қабылдап жатырмыз. Қазір ауыл шаруашылығы министрлігі ережеге өзгеріс енгізуге кірісті",- деп атап көрсетті су министрі.
Болжамға сәйкес, шаруалар су үнемдеу технологияларын көбірек енгізсе, судың біраз көлемін сақтап қалуға болады.