АЭС құрылысына қанша қаражат жұмсалады

"Қазақстан атом электр станциялары" компаниясының басшысы АЭС құрылысына қанша уақыт пен қаржы қажет болатынын айтты
Sputnik
АСТАНА, 21 желтоқсан – Sputnik. Қазақстандағы бірінші атом электр станциясының болжамды құны 10-15 миллиард долларға бағаланып отыр.
Астанада бейбіт атомдар тақырыбына арналған семинар аясында "Қазақстан атом электр станциялары" ЖШС бас директоры Тимур Жантикин осылай деп мәлімдеді.
"Құны 10-15 миллиард долларды құрайды, себебі бұл бірінші станция. Бірақ біз бір ғана станциямен тоқтап қалмайтынымыз анық", - деді ол журналистерге.
Жантикиннің айтуынша, жобаны қаржыландыру көздері әлі пысықталып жатыр – бұл негізінен халықаралық қаржы институттары.
"Жоба әзірше үкіметтің қатысуынсыз коммерциялық нысан ретінде қарастырылып жатыр", - деді ол.
Нысанның құрылысы және іске қосу мерзімі туралы айтқан Тимур Жантикин құжаттаманы әзірлеудің өзіне шамамен бес жыл қажет екенін түсіндірді.
Оның айтуынша, мерзімнің ұзақтығына құжаттарды екі кезеңде қарастыру жоспары себеп. Бірінші кезеңде шамамен 1,5-2 жылға созылатын техникалық-экономикалық негіздеме қаралады. Одан кейін үкіметтің атом электр станциясын салу туралы шешімі оң болса, жеткізуші компания жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлейді.
Жантикин одан кейін құрылысқа тағы бес жыл кететінін айтты.
"Біз станцияны 2035 жылға қарай іске қосамыз деп үміттенеміз", - деді ол.
"Қазақстан атом электр станциялары" компаниясының баспасөз қызметі хабарлағандай, Астанада өткен семинарда Қазақстанның энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова Қазақстанда электр энергиясы тапшылығы бар екенін, АЭС тұрақты негізгі электр энергиясын өндіруге көмектесетінін айтты.
Қоғамдық бірлестіктердің өкілдері жобаны қолдап отыр, деп хабарлады компания.
"Байтақ" партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев атом электр станциялары электр энергиясын өндірудің ең экологиялық таза көзі деп санайды.
"Байтақ" жасыл партиясы жасыл энергияны, ядролық энергияны қолдайды. Біз жасыл энергияның көмегімен балаларымыздың болашағын қамтамасыз етуіміз керек. Атом электр станцияларында парниктік заттар ауаға шығарылмайды", - деді ол.
"Күміс еріктілер" қоғамдық бірлестігінің өкілі Эльвира Рафикова Қазақстанда атом электр станциясының баламасы жоқ екенін айтты.
"Біздің елден 5 есе кіші Францияның өзінде 56 атом электр станциясы жұмыс істеп тұр. Мен электр энергиясын тиімді пайдалануды, энергетикалық гигиенаны, оның ішінде атом электр станциялары болғанын қолдаймын", - деді ол.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі жалпыхалықтық референдумға шығарылды.