"30 миллион теңге сұрады": полиция басшысы алаяқтарды қалай алдағанын айтты

"Тергеуші" өз көмегі үшін 30 миллион теңге сұраған, полицей бірден келіскен
Sputnik
АСТАНА, 21 желтоқсан – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдолдинов алаяқтарды қалай алдағанын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Петропавловск News порталына сілтеме жасап.
Қоғамдық кеңестің отырысында алаяқтық мәселесі талқыланды. Қатысушылар полицейлерден адамның жеке дерегі алаяқтардың қолына қалай түсетінін сұрады.
Айдын Қабдолдиновтың айтуынша, ондай мәліметті көп жағдайда мемлекеттік органдардың қызметкерлері береді. Сол үшін ақы алады. Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде жеке мәлімет көп.
Полиция басшысының өзіне де алаяқтар хабарласып, 30 миллион теңгеге алдағысы келген.
"Менің үйдегі телефоныма қоңырау шалып, жұбайымның жаяу жүргіншіні қағып кеткенін айтты. Сосын бірден тұтқаны бір әйелге берді. Ол жылап тұрып, баланы қағып кеткенін, емдеуге және шығынды өтеуге ақша керек екенін айтты, телефонды тергеушіге беремін деді. Арғы жағынан бір ер адам ұялы телефон нөмірімді сұрады. Оған да қоңырау шалды. Бірақ үйдегі телефон тұтқасын қоймаңыз деді. Сөйтіп, өз әйеліне телефон соқпасын деген әрекеттері ғой", - деді Қабдолдинов.
Оның айтуынша, "тергеуші" өз көмегі үшін 30 миллион теңге сұраған. Полицей бірден келісіп, ақшаны алатын адамды үйге жібер деген.
"Бірақ мен полиция департаментінің мекенжайын айттым. Содан курьер – қарапайым такси жүргізушісі келді. Ол ақшаны белгіленген жерге апарып беруі керек екен. Ал қоңырау шалғандар көбіне Ресей мен Украинада отырады", - деп атап өтті департамент басшысы.
Бүгінде ондай алаяқтарға зейнеткерлер ғана емес, қаржы саласының сауаты мамандары да, оқытушылар мен дәрігерлер де алданып жатады.
Ресми мәліметке сәйкес, биыл он бір айдың ішінде облыста мыңға жуық киберқылмыс тіркелді. Аймақ тұрғындары 800 миллион теңгеге алданып қалған. Соның ішінде 29 миллион теңге қайтарылды. Ондай қылмыстарды ашу оңай емес. Себебі алаяқтар шетелде жүреді.