Спорт

Қысқы жасөспірімдер олимпиадасы: ел қоржынында қанша жолдама бар

IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанаты 2024 жылдың 19 қаңтарында Каннындағы Gangneuung Oval спорт кешенінде өтеді
Sputnik
АСТАНА, 20 желтоқсан – Sputnik. Келесі жылға жоспарланған ең басты бәсекелердің бірі – 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Канвондо провинциясындағы Каннын қаласында өтетін IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы.
2012 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жасөспірімдердің дүбірлі додасына еліміздің спортшылары биыл төртінші мәрте қатыспақ.
Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасының қоржынында биатлон, конькимен жүгіру, шорт-трек, керлинг, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, фристайл параллель могул түрінен 30 жолдама бар.
Десе де, жолдама саны әлі де толыға түсуі мүмкін. Өйткені жасөспірімдер Олимпиадасына лицензия беретін жарыстар жалғасып жатыр.
Айта кетейік, IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанаты 2024 жылдың 19 қаңтарында Каннындағы Gangneuung Oval спорт кешенінде өтсе, Ойындардың жабылу салтанаты 2024 жылдың 1 ақпанында Gangneung Olympic Park спорт кешенінде ұйымдастырылады деп жоспарланған.