АСТАНА, 20 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылы орталықтандырылған жылумен қамтужүйесіне елдегі отбасылардың 54,9%-ы ғана қосылған, деп хабарлайды Energyprom.
"Ыстық сумен қамтамасыз ету бойынша көрсеткіш те осыған ұқсас: осы қызметке қосылған тұрғын үй қорының үлесі 36%-дан 37,7%-ға өсті. Коммуналдық қызметтердің басқа түрлері бойынша тұрғын үй қорын қамтамасыз етудің жалпы көрсеткіштері оң сипатта болып көрінеді. Барлық тұрғын үйлердің аумағының 74%-ы кәріз жүйесімен жабдықталған, суық су барлық жерде дерлік бар: 98,2%", - деп жазылған хабарламада.
Негізінен орталықтандырылған жылу жүйесі мен ыстық суы жоқ тұрғындар ауылдық жерлерде тұратыны айтылған.
"Ауылдарда тұратын барлық отбасының тек 1,5%-ы ғана үйлері ыстық суға қосылған деп мақтана алады. Ауылдық жерлердегі үйлердің 73,8%-ында бойлер, құбырлы электр жылытқыш немесе жылыту қызметі бар газ қазандығы орнатылған".
Қалаларда үй шаруашылықтарының 65%-ы ғана ыстық сумен қамтамасыз етілген.
Ұлттық статистка бюросы жүргізген таңдамалы зерттеулердің нәтижесі бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар орталықтандырылған жылусыз өмір сүруінің ықтималдығы жоғары. Кедей отбасылардың тек 31,7%-ы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған пәтерлерде тұрады, қалған 68,3%-ы пеш жағады немесе газ қазандығы бар. Тұтыну шығындары ең төменгі күнкөріс деңгейінен асатын үй шаруашылықтары арасында бұл көрсеткіш жоғары: отбасылардың 55,4%-ы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.
Статистика мамандары баламалы энергия көздерінен алатын автономды жылумен қамтамасыз ету туралы мәліметтерді ұсынбағаны айтылған. Таңдамалы зерттеуге қатысушылардың арасында (шамамен 12 мың отбасы) жел, күн немесе биоэлектр станциясына қосылған жылыту жүйесі бар бірде-бір үй болған жоқ.